Sachok.KZ
Қазақша рефераттар
 Бас бет
загрузка...
қазақша реферат
Мұхтар Әуезов
Тұрар Рысқұлов
Қаракерей Қабанбай
Бөгенбай батыр
Шапырашты Наурызбай батыр
Шоқан Уәлиханов
Абай Құнанбаев
Жаңа қазақша рефераттар

Мақсатына жеткен жан

Мақсатына жеткен жан

Ұсақ-түйек шаруасын ыңғайлап, ертеңгі күннің жоспарын құрып болған соң жатуға әзірлене бергені сол еді, үстелде жатқан ұялы телефон «әндетіп» қоя берді. «Иә»-деп құлағына тосқан.
- Мүбәрак Шәкір ме? – деп сыңғыр етті бейтаныс әйел даусы.
- Иә, мен!
- Сіз болсаңыз, біз Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігінен телефондап отырмыз. Сіздің республикалық байқауға жолдаған «Қазақстан, алға!» атты оркестрге арналған күйіңіз жүлделі орынға ілікті. Жүлде тапсыру салтанаты 27-қараша күні Астана қаласындағы Президенттік мәдени орталықта өтпек. Кешікпей жетуіңізді сұраймыз...
«Қорыққан мен қуанған бірдей» деген емес пе, ал кеп сасқалақтасын...Абыржитын жөні де бар, мынадай мәртебе әр өнерпаздың басына қона беретін бақыт емес. Әрі уақыт мүлде тығыз болып тұр. «Тәуекел» деп ертеңінде басшыларының «батасын» алған бойда аттанып кеткен-ді. Абырой болғанда, кешікпей жетті. Ертеңінде өткен марапаттау рәсіміне қатысып, бүкіл республика аумағынан жиылған небір саңлақтардың қатарында Мәдениет министрі Е.Ертісбаевтың өз қолынан арнайы Диплом мен көтермелеу сыйлығына тағайындалған 100 мың теңгені алып қайтты. Күршімге жеткен бойда тағы бір қуанышты хабарды естіп, мерейі одан әрі өсе түскен еді. Тәуелсіздіктің 15 жылдығына арнап шығарған «Қазақстан» атты әнін облыста өткен гала-концертте нақышына келтіре орындаған белгілі әнші Тойжамал Тасжановаға лауреат атағы беріліпті. Ауылдағы тілектес қауымға рахмет, ақ пейілді құттықтаулар ақ жаңбырдай саулап кеп берсін...
Күршім аудандық өнер мектебінің директоры, белгілі музыкант, сазгер Мүбәрак Шәкірдің бұл табысы оның алғашқы жетістігі емес, әрине. Ес білгелі бір пұшпағын илеп келе жатқан осы өнер жолында қаншама тауы шағылып, еңсесі түсті. Қанша мәрте мерейі үстем болып, көңілі көкке өрлеп, қандай табыстарға жетті – оны Мүбәрак Әкмалұлының кез келген жанға баяндап, есеп беріп жатпайтыны түсінікті. Қалай болғанда да кәнігі музыка шебері, танымал сазгер ретінде сонау бала кезінде-ақ таңдап түскен жолы мен бүгінде қыр-сырына әбден қанық мамандығына адалдығынан таймай келе жатқаны ақиқат.
- Менің өнерден мақұрым қалуым мүмкін емес еді, – деп жымияды Мүбәрак аға, - ата-анамның екеуі де туа біткен дарыны бар өнерлі адамдар болатын. Әсіресе марқұм анам Жамал Тоқтағалиқызы аса қабілетті жан-тұғын. Соғыс жылдарында әуелі Зайсанда, соңынан Өскеменде жұмыс істеген Қазақ драма театрының белді әртісі болған ол өзі басты рөлде ойнайтын пьесалардың сөздерін түгелдей бастан-аяқ жатқа білетін. Әрі тамаша әнші де еді. Әкем қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болғанымен, өнерге тым жақын адам ретінде танымал- тын. Ол да мандолинада ойнап, ән салатын. Екеуі бірдей концертке қатысып, сахнада жүргенде, кішкентай мен бір бұрышта олардан көз алмай тып-тыныш отырады екенмін.
Әкесі директоры болған Көктерек сегізжылдық мектебін (Нарындағы) тәмамдаған соң, 15 жастағы балғын Мүбәрак арман қуып Өскемен қаласына аттанады. Қабілетті жас сондағы музыка училищесінің үрмелі аспаптар бөліміне флейта мамандығы бойынша оқуға қабылданады.
- Оқу өте қиынға түсті, – деп еске алады Мүбәрак Әкмалұлы – сол факультетте 26 бала оқыдық, қазақтан мен ғана болдым. Тіл білмегенім де қинады, дегенмен қайсарлығым жеңді. Төрт жылдан соң осы бөлімді екі-ақ түлек тәмамдады десек, соның бірі мен едім...
Училищені бітіріп келген соң Мүбәрак Күршім Мәдениет үйінде көркемдік жетекші болып бір жыл жұмыс істеді. Бұл кезде ата-анасы да Күршімде тұрып жатқан-ды. Келесі жылы талапты жас сол білгенімен шектеліп қалуды намыс санап, Өскемен педагогикалық институтының музыка факультетіне оқуға түседі. Бұл кезде оның жасы жиырмаға толған болатын. Оқуға түскен 1968 жылдың өзінде-ақ сонда ұстаздық етіп жүрген институт комсомол ұйымының хатшысы Оңалбек Сапиев (қазір сенатор), курстас досы Түсіпбек Жақсыбаевтармен тізе қосып, өнерлі қазақ студенттерінің басын біріктірген олар әжептәуір концерттер бере бастаған еді. Ал 1970 жылдан бастап бүгінде облысымызға жақсы танымал Нәбиолда Кемешовпен бірге Өскемендегі барлық оқу орындарындағы өнерлі қазақ жастарын ұйымдастыруды қолға алды. Сөйтіп, эстраданы да жолға қойып, ұлт аспаптары оркестрімен қатар «Арай» атты үлкен ансамбль құруға мұрындық болғандардың бірі де осы Мүбәрак Шәкір еді. Және өзі студент бола жүріп, бастапқы курстарда оқитындарға сабақ бере бастады. 1972 жылы институтты бітірген бойда әскерге алынған ол артиллерия полкында әскери оркестрге бір жыл бойы жетекшілік жасап оралды. Бұл кезде Мүбәрак ағамыз отбасылы ересек азамат болатын...
1977 жылға дейін музыка мектебінде мұғалім болып еңбектенген Мүкең осы оқу орнының директорлығына тағайындалады. 1980 жылы аудандық партия комитетіне нұсқаушылық қызметке шақырылады. 1982 жылы аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушілігіне тағайындалып, бұл қызметті төрт жарым жыл бойы атқарды. Қайтадан өзінің саз мектебіне оралған Мүбәрак Әкмалұлы 1990 жылдан бері осы мектептің директоры болып жемісті еңбек етіп келе жатыр.
Белгілі музыка маманы атағымен қатар Мүбәрак ағаның сазгерлігін де жұрт әлдеқашан мойындаған. Оның сазды да назды әндері небір биік сахналардан шырқала бастағалы қашан. «Ардагерлерім» атты әні шырқалғанда Ұлы Жеңіске үлес қосқан қариялардың жанарлары жасқа толғанына неше мәрте куә болдық. Ал «Қазақстаным» әні әуелегенде залда отырған жүздеген көрерменнің кеудесін патриоттық өр сезім кернейтіні анық. Көптеген лирикалық туындылары белгілі әншілердің репертуарларынан өз орындарын әлдеқашан тапқан. Олар облыстық, республикалық газеттер беттеріне нотасымен бірнеше мәрте шығып, жұртқа тараған. Астанадағы Конгресс-холлдың сахнасында Қырғыз Республикасының елшісі болған белгілі ақын Ақбар Рысқұловтың шығармашылық кешінде осы Ақбар ақынның өлеңіне шығарған үш әні орындалғанының өзі біраз жайдың басын ашып тұрса керек. Мәдениетті дамыту бағытында сіңірген осындай еңбектері лайықты бағаланып, Мүбәрак Әкмалұлына 2005 жылы «Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері» құрметті атағы берілді.
Құдіреті күшті өнерді 45 жыл бойы өміріне серік етіп келе жатқан Мүбәрак Шәкір аудан көлеміндегі абыройлы да ардақты азаматтардың бірі. Отбасындағы беделін айтып жатпаса да болар. Қамқор отағасы жан жары Жәния Сәбитқызымен қол ұстасып, көзінің ағы мен қарасындай қос перзент өсірді. Білім алуларына, қалаған мамандыққа қол жеткізулеріне жағдай жасады. Бүгінде үлкендері Анар Астана қаласындағы Қытай Халық Республикасының «Хайнань эйрлайнз» компаниясының өкілі. Ал ұлдары Жандос «Астана құрылыс материалы» компаниясының Алматы филиалының директоры. Одан сүйген кішкентай немерелері Айжан – атасы мен апасының тоймас қызығы әрі мақтанышы.
Міне, бүгінде жұрт мойындап, шәкірттері мақтан тұтқан кәсіпқой музыкант, айтулы сазгер, өнегелі ұстаз Мүбәрак Шәкірдің қысқаша өмір жолы осындай. Өткенінен түйгені көп абзал жанның келешектен күтері де мол. Ендеше, біздің де қадірменді ағамызға «лайым сол армандардың баршасы орындалып, қуанышты сәттеріңізге еліңіз бен жұртыңыз ай сайын емес, күн сайын ортақтаса бергей!» - деген тілек айтқымыз келеді.

Хасен Зәкәрия,
Күршім ауданы.

Скачать работу







Скачать работу
Sachok.kz © [ 0.002 ]