Sachok.KZ
Қазақша рефераттар
 Бас бет
загрузка...
қазақша реферат
Мұхтар Әуезов
Тұрар Рысқұлов
Қаракерей Қабанбай
Бөгенбай батыр
Шапырашты Наурызбай батыр
Шоқан Уәлиханов
Абай Құнанбаев
Жаңа қазақша рефераттар

Ұлттық табиғи паркте

Қазақстанда мемлекеттік ұлттық табиғи парк көп емес, саусақпен санарлық. Соның ішінде ең үлкені – Катонқарағай ұлттық паркі. Ол 2001 жылдың 17-ші шілдесінде Үкімет қаулысымен құрылған. Ұлттық парктің аумағы Алтай – Саян экоаймағының Қазақстандағы жобаланған бөлігінің құрамына енеді. Ұлттық парктің жалпы ауданы 643477 гектар. Ұлттық паркке бай табиғат байлықтары, бірегей ландшафт кіреді, орманды даладан тайгаға дейін, биік таулы аймақтың альпі шалғындықтары, мұздықтар жинақталған. Парк аумағының 34 пайызын орманды алқап алып жатыр. Қылқан жапырақты ағаштар –шырша, қарағай, балқарағай, самырсын бұл өлкенің байлығы.
Ұлттық табиғи паркті бірінші күннен бастап Ерен Жұмағұлов басқарады. Ұзақ жылдар ұстаз, сосын орманшылықты басқарған, аңшы, балықшы, табиғаттың тылсымынан сыр тартқан азамат ұлттық парктің ыстық-суығына төзіп келеді.
Ұлттық парк құрылғанша орманның сирек кездесетін балқарағайы мен самырсыны, шыршасы, Сібір шыршасы ұстағанның уысында, тістегеннің тісінде кетті. Адамдар да тағы ғой, бұзауға қазық үшін теректі тамырымен, мал айдау үшін қарақатты түбімен жұлып, аяусыз күйретті. Бір кездері осынау ғажайып өлкеде құстың 260 түрі болса, қазір азайды. Ұшатын тиінді естігеніңіз бар ма? Өзіне қауіп төнген кезде терісі ашылып 40 метрге дейін секіріп ұшады. Қазір ол азайып барады. Қара дегелек, балық аулайтын скапа, күдір, қар барысына да аялы алақан керек. Парк аумағының фаунасы мен флорасы өте бай. Осында жоғары сатылы өсімдіктердің бір мыңнан астам түрі бар, оның 30 шақтысы Қызыл кітапқа енген. Қызғылт радиола, марал түбірі, Алтай рауғашы, Алтай қасқыр жидегі, ірі гүлді шолпан кебіс – ел мақтанышы. Ендеше аң мен құсты, орманды қорғағаннан абыройлы іс жоқ, – деп Ерен ағынан жарылды.
Ұлттық табиғи паркте сегіз орманшылық бар. Мұнда үш жүзден астам адам еңбек етеді. Қажетті техника жеткілікті. Бірақ проблемалар аз емес. Ең бастысы, орманшылардың жалақысы татымсыз, ал питомникте күндіз-түні бел жазбай еңбек ететін қыз-келіншектер он мың теңге көлемінде ғана жалақы алады. “Өзіміз ізденіп, қаржы табудың жолдарын қарастырып жатырмыз. Биыл он миллион теңгенің пайдасын таптық. Мекеме жанынан ағаштан бұйымдар жасай бастадық. Онда аңшылар үшін қажетті құралдар — орындық, үстел, бал құятын ыдыстардың түр-түрі шығады. Орманшылар ағаш өсіріп, келешек ұрпақ үшін тер төгіп жатыр. Жүріңіздер, сонда баралық” – деп Ерен жол бастады.
Тұқым бағы деп қалай сәтті қойылған. Шынында да жер жәннатына кіріп кеткендей болдық. Тұқым бағының директоры Ерікбек Жайсаңбаев осында отыз жыл бойы еңбек етіп келеді екен. Бақтың мақсаты – ағаш егу. Дәнді үгітіп, осы жерде мәпелеп өсіреді. Қыстың көзі қырауда оны қымтап жабады. Бір жылда Сібір шыршасы небәрі он сантиметр өседі. Қазір тұқым бағында бес жүз мыңнан астам ағаш көшеттері өсірілуде. Үш-төрт жылдан соң оны далаға егеді. Маша Тұрғанбаева деген бригадир, басқа да қыз-келіншектер Белқарағай ауылынан келіп тұқым бағының арам шөбін жұлады, күтіп, мәпелейді.
Ұлттың паркте соңғы кезде қабандар бой көрсетіпті. Адамдардың жылы қабағын аң мен құс та сезеді. Қара аю, қар барысы, Орталық Азия тас сусары, Алтай арқары, басқа да аңдар біртіндеп көбейіп келеді. Оларды аулауға тыйым салынған. Еліміздегі тіршілігі белгісіз Иконников жарқанатының ғылыми және экологиялық маңызы зор. Ол да қазір назарда. Жабайы марал да көбейе түсті.
Ұлттық табиғи парк қызметкерлері ізденісте. Ерен құрдасымыздың бастамасымен “Табиғат жаршысы” деген ақпараттық газет ай сайын тұрақты шығып тұрады. Аудандағы бірнеше мектептің түлектері табиғат жанашырлары. Олар өздері атқарып жатқан істерді газетте жариялап тұрады. Өткен жылы Өрел мектебінің бір топ түлегі Санкт-Петербург қаласынан “Алтын бүршік” алқасы мен 5 мың долларды жеңіп алыпты. Қазір ұлттық парктің ұйымдастыруымен 17 эко-туристік мектепішілік клуб және төрт мектеп орманшылығы құрылып, жұмыс істеп жатыр. Жыл сайын ұлттық парк негізінде халықаралық туристік “Мұзтау” фестивалі ұйымдастырылып тұрады.

Скачать работу







Скачать работу
Sachok.kz © [ 0.002 ]